
ЕНУ студенттері республикалық пәндік олимпиадада жүлделі орындарға ие болды

2026 жылғы 24 және 27 сәуір күндері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында «Шығыстану» білім беру бағдарламасы бойынша XVIII Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті. Білім сайысына Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының 2–4 курс студенттері қатысып, жапон және корей тілдері бойынша өзара бақ сынады. Олимпиада барысында қатысушылардың тілдік құзыреттілігімен қатар, мәдени-танымдық білімі, логикалық ойлау қабілеті және кәсіби дайындығы кешенді түрде бағаланды.
Аталған олимпиадаға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 5 студенті — Алтынбек Жансая, Есенгельдыева Ақерке, Танатканова Дана, Әмірханова Медина және Ламбекова Лаула қатысты. Студенттер олимпиадаға шығыстану кафедрасының оқытушысы, жетекші ретінде Утеулиева Гульшат Курмангазиевнаның сүйемелдеуімен барды.
Байқау қорытындысы бойынша ЕНУ студенттері жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, 24 сәуір күні өткен жапон тілі секциясында Есенгельдыева Ақерке І орынды иеленді (жетекшілері: Утеулиева Г.К., Тлеубаева А.А.), ал 27 сәуір күні ұйымдастырылған корей тілі секциясында Әмірханова Медина ІІІ орын алды (жетекшісі: Кабирова А.Ж.).
Республикалық деңгейдегі бұл олимпиада студенттердің кәсіби және тілдік дайындығын жетілдіруге, сондай-ақ халықаралық мәдениетаралық коммуникация саласындағы құзыреттіліктерін дамытуға маңызды мүмкіндік берді. Сонымен қатар, мұндай білім сайыстары жастардың ғылыми-танымдық қызығушылығын арттырып, бәсекеге қабілетті маман қалыптастыруға ықпал етеді.
ЕНУ студенттерінің жетістігі – жүйелі білім мен табанды еңбектің нәтижесі. Университет ұжымы жүлдегерлерді құттықтай отырып, алдағы білім және ғылым жолында жаңа жетістіктер тілейді.
