
МӘДЕНИЕТТЕР ДИАЛОГЫ: ҚАЗІРГІ ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕГІ ЯСАУИ МҰРАСЫ

Түркістанда «Түркі әлемі және Ясауи мұрасы: өркениеттер тоғысындағы мәдени үндестік» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммиті қарсаңында ұйымдастырылды және Түркістанның тарихи-мәдени рөлін ғылыми тұрғыдан зерделеуге, Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын зерттеу мен дәріптеуге, сондай-ақ түркі әлемі елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды нығайтуға арналды.
Дөңгелек үстел отырысына ғылыми және сараптамалық қауымдастықтың, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың 30-ға жуық өкілі қатысты. Қатысушылар қатарында Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түрікменстан және Қырғызстаннан келген белгілі ғалымдар, түркітанушылар, шығыстанушылар, тарихшылар, филологтар, теологтар, археологтар, реставраторлар және музей ісінің мамандары бар.
Дөңгелек үстелде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің «Ортағасырлық деректану» орталығының директоры Сыздықов Сатай Мақсұтұлы: «АРЫСТАН БАБ ЖӘНЕ А. ЯСАУИ ІЛІМДЕРІНІҢ РУХАНИ МӘДЕНИЕТТЕГІ РӨЛІ: ХАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ТАРИХИ ДЕРЕК» атты ғылыми баяндама жасады. Тарихшы ғалым бұл мәселені тарихи тұрғыдан қарастырды, өйткені халық арасында Арыстан баб тұлғасына қатысты түрлі аңыз-әфсаналар мен мифологиялық түсініктер жиі кездеседі. Ғалым сондай-ақ Арыстан бабтың тарихи тұлға екендігі туралы толыққанды дереккөздерді ұсынды. Ясауи мұрасын зерттеумен айналысатын шетелдік және отандық ғалымдар бұл тұжырымды жылы қабылдап, тұлғаларды зерттеуде пәнаралық байланыстың, әсіресе осы тұлға өмір сүрген кезеңді зерттейтін тарихшылармен тығыз қарым-қатынастың қажеттігі туралы ортақ шешімге келді.
Іс-шара қорытындысы бойынша халықаралық ғылыми өзара іс-қимылды кеңейтуге, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға және Ясауи мұрасын ілгерілетуге бағытталған ұсынымдар әзірленді.
