
Алматы қаласында ұлттық бірегейлік мәселелеріне арналған ғылыми зерттеулер жүргізілді

BR28713029 «Қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерттеу: рухани мәдениетті өзгерту және қайта құру» ғылыми жобасы аясында жобаның орындаушылары Х.Б. Маслов және Ж.З. Төлеубаев Алматы қаласында ғылыми іссапарда болып қайтты.
Іссапардың негізгі мақсаты – халық шығармашылығының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы әлеуметтік-мәдени рөлін зерттеу, ғылыми жобаның деректік қорын толықтыру және рухани мәдениеттің қазіргі қоғамдағы трансформациялық үдерістерін талдау болды.
Ғылыми іссапар барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінде, сондай-ақ Ғылым ордасының Орталық ғылыми кітапханасында кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілді. Аталған ғылыми мекемелердің қорларынан қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасы, дәстүрлі дүниетанымы, этнографиялық ерекшеліктері мен халық ауыз әдебиетіне қатысты сирек деректер, қолжазбалар, фотоқұжаттар және аудиовизуалды материалдар жинақталды.
Жоба аясында әзірленіп жатқан ғылыми хрестоматия үшін құнды архивтік материалдар іріктеліп, жүйеленді. Сонымен қатар сирек қорларда сақталған фольклорлық мәтіндер, тарихи шежірелер, этнографиялық сипаттамалар және мәдени мұраға қатысты ғылыми еңбектер зерделенді.
Іссапар бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі – далалық зерттеу жұмыстарын жүргізу болды. Осы мақсатта қандастармен, түрлі этностар өкілдерімен, мәдениет және ғылым саласының мамандарымен тереңдетілген сұхбаттар ұйымдастырылды. Сұхбат барысында ұлттық дәстүрлердің бүгінгі қоғамдағы орны, мәдени сәйкестікті сақтау мәселелері, рухани құндылықтардың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы және халық шығармашылығының әлеуметтік қызметі кеңінен талқыланды.
Жиналған эмпирикалық материалдар қазіргі қоғамдық үдерістер жағдайындағы этномәдени өзгерістерді талдауға, ұлттық бірегейліктің қалыптасу ерекшеліктерін анықтауға және мәдени мұраның әлеуметтік қызметін бағалауға мүмкіндік берді.
Зерттеу нәтижесінде халық шығармашылығының қоғамды біріктіруші фактор ретіндегі маңызы, дәстүрлі мәдениеттің ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етудегі рөлі, жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарды сақтаудың тетіктері және рухани мәдениеттің қоғамдық санаға ықпалына қатысты жаңа ғылыми деректер алынды. Сонымен қатар жиналған материалдар отандық және халықаралық ғылыми әдебиеттермен салыстырмалы түрде талданып, түркі халықтарына ортақ мәдени-рухани құндылықтардың тарихи сабақтастығы мен қазіргі даму ерекшеліктері айқындалды.
Ғылыми іссапар нәтижесінде жобаның деректік және эмпирикалық базасы едәуір кеңейтіліп, болашақ ғылыми жарияланымдар, монографиялар, оқу құралдары мен хрестоматиялық жинақтарды әзірлеуге негіз болатын құнды материалдар жинақталды. Бұл жұмыстар халық шығармашылығының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы орны мен рөлін терең зерттеуге, сондай-ақ Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға бағытталған ғылыми ізденістердің дамуына өз үлесін қосады.
