
«ЕО жұмсақ күшінің жаһандық және аймақтық өлшемдері» атты III Халықаралық жазғы мектеп табысты өтті

Үстіміздегі жылдың 15-26 маусым аралығында Орталық Азия мен Еуропаның сарапшылары және академиялық қауымдастығының (университет, колледж және орта мектеп профессорлары), сондай-ақ жас зерттеушілердің (магистратура және докторантура студенттері) 150-ге жуық өкілдерін біріктерген «ЕО жұмсақ күшінің жаһандық және аймақтық өлшемдері» атты III- Халықаралық жазғы мектеп өткізіледі. Бұл мектеп Erasmus+ бағдарламасы бойынша Еуропалық Комиссиямен бірлесіп қаржыландырылатын «Жан Моне шеберлік орталығы «EUROSOFT»» жобасын іске асыру жоспарының бөлігі болып табылады. Жазғы мектептегі спикерлердің қатарында ЕО мүше мемлекеттерінің елшіліктерінің жоғары лауазымды өкілдері, Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің қызметкерлері және Испания, Польша және Аргентинадан академиялық сарапшылар бар.
Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы делегациясының Саяси, баспасөз және ақпарат бөлімінің басшысы, істер жөніндегі уақытша сенімді өкіл Ааро Илитало мырза Жазғы мектепке назар аударып, мектептің жабылуындағы сөзінде ЕО мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастағы ілгерілеушілікті, басқа да Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынаста жұмсақ күш маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Португалия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің миссия басшысы Хосе Атаиде Амарал Португалияның Қазақстан мен Орталық Азиядағы жұмсақ күші туралы өз көзқарасымен бөлісіп, тыңдаушыларды құрметке бөледі.
Жазғы мектеп қатысушылары Францияның Қазақстандағы елшілігінің білім беру және университеттермен ынтымақтастық жөніндегі атташесі Грета Комор Тилуа ханымның Францияның және тұтастай алғанда ЕО-ның жұмсақ күшін қалыптастырудағы еуропалық оқулықтардың рөлі туралы дәрісін тыңдау мүмкіндігіне ие болды.
«Erasmus+ EU білім беру және ғылым саласындағы серіктестікті дамытудың тиімді құралы ретінде» атты дәрісінде Қазақстан Республикасындағы Ұлттық Erasmus+ кеңсесінің үйлестірушісі Лаура Палуанова Еуропалық Одақтың студенттер мен оқытушылар құрамы үшін академиялық мобильділікті кеңейту, Еуропа мен Орталық Азия университеттері арасындағы бірлескен жобалар және Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін жетілдіру үшін ұсынатын мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып өтті.
Тыңдаушылар үшін еуропалық зерттеушілердің өз аузынан ЕО-ның жұмсақ күшінің әлеуеті мен шектеулері туралы есту құнды болды. Профессор Хуан Луис Лопес Арангурен (Испания) өз дәрісінде Үнді-Тынық мұхиты аймағында Еуропаның жұмсақ және қатты күшінің таралуы туралы баяндады. Еуропалық сыртқы қатынастар кеңесінің аға ғылыми қызметкері және Варшава университетінің (Польша) саясаттану кафедрасының доценті Симон Кардаш ЕО-ның энергетикалық тәуелсіздікке жету жолын талдап, жеке елдер үшін де, тұтастай алғанда ЕО үшін де жұмсақ күштің экономикалық негізінің жай-күйін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Төтенше және Өкілетті Елші және Грузия Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Давид Апциаури «Қазіргі геоэкономикалық жағдайдағы ЕО және Қытай» тақырыбы бойынша құнды, өзекті ақпарат пен деректермен бөлісті.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Сыртқы саясатты зерттеу институтының басқарма төрағасының орынбасары, философия докторы Манарбек Шакирович Кабазиевтің Қазақстанның сыртқы саясатының жұмсақ күш компоненті туралы дәрісі қатысушылар арасында айтарлықтай практикалық қызығушылық тудырды, бұл мемлекеттің өзін орта держава ретінде көрсетуі үшін қажетті көрсеткіш болып табылады. Қазақстан дипломатиялық қызметінің ардагері Ысқақова Майра Сұнғатқызы қазақ-француз қатынастарындағы тарихи, мәдени мәселердің жұмсақ күш ретіндегі ролін бедерлі түрде баяндап берді.
Ла Матанза ұлттық университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі хатшысы, профессор Лукас Роберто Фенольетто өзінің «Аргентина жоғары білім беру жүйесіне білім беру үрдістері мен инновацияларының әсері» атты дәрісімен мектеп қатысушылары үшін географиялық және тұжырымдамалық аспектілерде жаңа білім көкжиектерін ашты.
Жас зерттеушілер Мукашева Зарина мен Сегізбаева Банудың дәрістерінде Орталық Азияда Еуроодақтың жұмсақ күшінің қабылдануы, цифрландыру мен кибер қауіпсіздік мәселелерінің ЕО геостратегиялық жайғасымы мен мүмкіндіктеріне әсері сараланды.
«Жан Моне шеберлік орталығы «EUROSOFT»» жоба тобының координаторы, профессор Ж.М. Медеубаеваның, топ мүшелері профессор Р.М. Таштемханова, PhD Г.Ж. Кенжалина, PhD Р.С. Жанбулатованың дәрістерінде Еуроодақтың жұмсақ күшінің геосаяси, геоэкономикалық тақырыптары, Қазақстан мен ЕО арасындағы әріптестік мәселелері жан-жақты талқыланды.
Барлық дәрістерден кейін сұрақ-жауап сессиясы және атап өтілген мәселелер бойынша қызу пікірталастар өтті. Қатысушылар онлайн және оффлайн режимінде ауызша және чат арқылы алғыстарын білдірдіріп, мектеп өз жұмысын жоғары дәрежеде өткізгенін атап өтті.
