
Қазақтың рухани-мәдени мұрасы Францияда зерттелді

«Қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерттеу: рухани мәдениетті өзгерту және қайта құру» бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру ғылыми жобасының жетекшісі Каленова Теңгеш Серікбайқызы, жоба орындаушылары Абдрахманова Гаухар Сатыбалдиновна, Тажитова Гульжахан Зарубаевна жоба аясында деректер қорын жинау мақсатында Францияның Париж қаласына барды.
Бұл іссапар Франциядағы қазақ мәдениетін дамытуға, сақтауға және насихаттауды мақсат еткен «ALEM» қауымдастығының шақыртуымен жүзеге асырылды. Ғылыми жоба мүшелері қауымдастықтың Президенті Имашева Зульфатпен және орынбасары Искакова Майрамен кездесіп, аталған қауымдастықтың Франциядағы қазақ мәдениетін сақтау, дамыту және насихаттау бағытындағы қызметімен танысып, қазақ диаспорасының қазақтың салт-дәстүрлері, ұлттық құндылықтары мен мәдени мұрасын шетелдегі қазақ қауымына таныстыру және кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат алды.
Іссапар барысында ЮНЕСКО-ның Париждегі бас кеңсесіне барып, ұйымның мәдени мұраны сақтау, қорғау және насихаттау бағытындағы қызметімен танысты. Сапар барысында материалдық және материалдық емес мәдени мұраны сақтау, дәстүрлі мәдени құндылықтарды дәріптеу және оларды келесі ұрпаққа жеткізу мәселелері бойынша ақпараттар жинақталып, жобаның зерттеу бағытына қатысты мәліметтерді қарастырды.
Франциядағы қазақ диаспорасының қазақ-түрік-француз қауымдастығының өкілдерімен кездесіп, қауымдастықта атқарылатын жұмыстар туралы мағлұматтар алынды. Қазақ мәдениетін шетелде таныстыру, ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстары зерделенді.
Сонымен қатар ғалымдар қазақтың көрнекті саяси қайраткері Мұстафа Шоқайға қатысты қазақ қауымдастығының мүшелерімен де кездесіп, Мұстафа Шоқайдың есімін кейінгі ұрпаққа таныту, тарихи жадыны сақтау, оның мұрасын мәдени-танымдық іс-шаралар арқылы насихаттау және қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат алынды.
Жиналған ақпарат ұлттық мәдени құндылықтардың шетелдік ортада сақталуы мен жаңғыртылу тетіктерін зерттеуде пайдаланылатын материалдарды толықтырды. Шетелдік ортадағы мұндай мәдени іс-шаралар ұлттық дәстүрлерді насихаттап қана қоймай, әртүрлі мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен мәдени диалогты дамытуға мүмкіндік береді. Алынған деректер қазақ мәдени мұрасын сақтау, қайта жаңғырту және оны қазіргі әлеуметтік ортаға бейімдеу үдерістерін талдауда эмпирикалық материал ретінде пайдаланылатын болады.
