
PhD докторы, шет тілдері кафедрасының доценті м. а. Наханова Ләззат Аяновна Ганира Пашаеваның жарқын рухына арналған халықаралық конгресте қазақ тіліндегі дыбыстық вариативтілік мәселелері бойынша баяндама жасады

Түрік академиктер одағы ұйымдастырған «Ганира Пашаева және Түркі әлемі: әдебиет, мәдениет, саясат және бірлік идеясы» атты халықаралық конгресс 2026 жылғы 27–28 қыркүйекте онлайн форматта өтті. Түркі әлемінің бірлігі мен ынтымақтастығы идеяларын ілгерілетуге елеулі үлес қосқан марқұм Ганира Пашаеваның жарқын рухына арналған конгреске 22 елден ғалымдар қатысты. Екі күнге созылған іс-шара барысында бес виртуалды залда жеті параллель секция ұйымдастырылып, барлығы 201 баяндама ұсынылды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінің шет тілдері кафедрасының доценті м.а., PhD докторы Ләззат Аянқызы Наханова конгреске «Қазақ тіліндегі дыбыс вариативтілігі мәселелері: транскрипцияға негізделген талдау» атты баяндамасымен қатысты. Баяндама түркітану мен жалпы тіл білімі салаларының мәселелеріне арналды.
Баяндамада сөйлеу кезінде пайда болатын дыбыстық өзгерістер және ауызша сөйлеуді жазбаша түрде таңбалаудың ғылыми әдістері қарастырылды. Баяндамашы фонетикалық, фонологиялық және просодикалық транскрипция жүйелерінің тіл біліміндегі маңызын атап өтті. Ол сөйлеу ағынында дыбыстардың өзара ықпалы нәтижесінде туындайтын ассимиляция, ұяңдану, қатаңдану, дыбыстардың түсірілуі және дауысты дыбыстардың көтерілуі сияқты құбылыстарды дәстүрлі орфография құралдарымен толық әрі дәл көрсету мүмкін еместігін айтты. Қазақтың белгілі жазушысы Т. Нұрмағамбетовтің «Анасын сағынған бала» атты әңгімесінен алынған үзінділерге жасалған жүйелі талдау негізінде Л. Наханова арнайы транскрипция жүйелері арқылы қазақ тіліндегі нақты айтылым ерекшеліктері мен интонациялық құрылымды қалай тіркеуге болатынын көрсетті.
Баяндамада Халықаралық фонетикалық әліпби (IPA) және түркі әлемінде қолданылатын фонетикалық транскрипция жүйелері де қарастырылды. Түркі тілдерінің дыбыстық жүйесін заманауи эмпирикалық әдістер арқылы құжаттау және тілдерді оқытуда нормативті айтылым үлгілерін сақтау мәселелерінің өзектілігіне байланысты баяндама тыңдаушылар мен секция төрағасының қызығушылығын тудырды. Секция соңында Ләззат Наханова түркі әлемі ғалымдарын ортақ академиялық алаңда тоғыстырғаны үшін Түрік академиктер одағы мен конгресстің ұйымдастыру комитетіне алғыс білдірді.
