
ЕҰУ-да мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылына арналған ғылыми семинар өтті

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Саясаттану кафедрасында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы» тақырыбында ғылыми семинар өтті.
Ғылыми баяндама жасаған саясаттану кафедрасының докторанты - М. М. Мұратова. Ғылыми кеңесшісі - саяси ғылымдар кандидаты, доцент М. Ю. Онучко, шетелдік ғылыми кеңесшісі - PhD, профессор Х. Ефев.
Семинар барысында саяси реформалар мен цифрландыру жағдайындағы мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимыл тетіктерін зерттеу нәтижелері ұсынылды. Баяндамашы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асырылуына, азаматтардың өтініштері институтына, үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне және цифрлық технологиялардың мемлекет пен қоғам арасындағы диалогқа ықпалына ерекше назар аударды.
Зерттеудің әдіснамалық негізін институционалдық, жүйелік және салыстырмалы-саяси тәсілдер, SWOT-талдау, нормативтік құқықтық актілердің контент-талдауы және халықаралық тәжірибелерді салыстырмалы талдау құрады. Эмпирикалық базаға 229 респондент қатысқан әлеуметтік сауалнама нәтижелері, сараптамалық сұхбаттар және қайталама әлеуметтанулық деректер енгізілді.
Баяндамада цифрлық коммуникация арналарының қолжетімділігі кері байланыстың сапасын арттырумен, өтініштерді мазмұнды қараумен және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылаумен қатар жүруі қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру, азаматтардың басқарушылық шешімдерді әзірлеуге қатысуын кеңейту және мемлекеттік қызметшілердің қоғамдық диалог жүргізу саласындағы кәсіби құзыреттерін дамыту қажеттігі негізделді.
Ұсынылған қорытындылардың ғылыми және практикалық маңызы бар. Олар азаматтық қатысу тетіктерін одан әрі жетілдіруге, мемлекеттік институттардың есептілігін арттыруға және мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.
