
«Әлемдік саясат пен мемлекетаралық қатынастардағы сепаратизм, терроризм, экстремизм мәселелері» тақырыбында ашық сабақ өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде 2026 жылғы 30 қыркүйекте Гүлвира Жарылқасынқызы Ұзақбаева «Халықаралық қауіпсіздік» пәні бойынша «Әлемдік саясат пен мемлекетаралық қатынастардағы сепаратизм, терроризм, экстремизм мәселелері» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Семинар форматында ұйымдастырылған сабаққа 6В03102 – «Халықаралық қатынастар» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері, В140-3102-25-07 тобы қатысты. Ғылыми жетекшісі – т.ғ.к., доцент м.а. А.А. Турунтаева.
Сабақтың мақсаты – сепаратизм, терроризм және экстремизм ұғымдарының мәнін, олардың туындау себептері мен мемлекетаралық қатынастарға ықпалын қарастыру, сондай-ақ нақты мысалдар негізінде аталған құбылыстардың әлемдік саясаттағы көріністерін талдау.
Сабақ барысында студенттер бес топқа бөлініп, аталған құбылыстардың ерекшеліктерін, өзара байланысы мен айырмашылықтарын талқылады. Сонымен қатар Каталония, Күрдістан, Солтүстік Ирландия, Шри-Ланка және Қарақалпақстан мысалдары негізінде кейстерді талдап, қақтығыстардың туындау себептерін, тараптардың әрекеттерін, күрес тәсілдерін және халықаралық қауымдастықтың ұстанымдарын қарастырды. Топтық жұмыс барысында студенттер теориялық білімдерін нақты жағдайларды талдаумен ұштастырып, өз тұжырымдарын дәлелдеуге мүмкіндік алды.
Сабақ қорытындысы бойынша студенттердің сепаратизм, терроризм және экстремизм мәселелері жөніндегі білімдері кеңейтіліп, халықаралық саяси үдерістерді сыни тұрғыдан талдау, нақты жағдайларды салыстыру және өз пікірлерін дәлелді жеткізу дағдыларын дамытуға басымдық берілді. Ашық сабақтың негізгі нәтижесі – студенттердің теориялық білімдерін практикалық тапсырмалар арқылы бекітіп, халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне кешенді көзқарас қалыптастыруына жағдай жасау болды.
