
ЕҰУ-да «Жастардың репродуктивті денсаулығы» тақырыбында кураторлық сағат өтті

2026 жылғы 20 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде «B040-3106-24-00» тобының 3-курс студенттеріне арналған «Жастардың репродуктивті денсаулығы» тақырыбында кураторлық сағат өтті.
Іс-шараны педагогикалық практика аясында 7М03106 – «Саясаттану» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Табиғат Серікқызы (тарих ғылымдарының докторы, профессор Р.М. Таштемханованың жетекшілігімен) ұйымдастырды.
Жиынның негізгі мақсаты – жастардың репродуктивті денсаулық туралы түсінігін кеңейтіп, салауатты өмір салтының маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ оның адам капиталы мен мемлекеттің демографиялық саясатымен өзара байланысын көрсету.
Сабақ барысында репродуктивті денсаулық тек отбасын жоспарлаумен шектелмейтіні, оның адамның физикалық және психологиялық саулығына, күнделікті өмір салты мен болашағына тікелей әсер ететіні айтылды. Сонымен қатар, профилактикалық медициналық тексерулердің маңыздылығы, зиянды әдеттердің салдары және Қазақстандағы жастар денсаулығын қорғауға бағытталған мемлекеттік бастамалар талқыланды.
Студенттер тақырыптың қоғамдық-саяси маңызын талдап, салауатты ұрпақ қалыптастырудағы жеке жауапкершілік пен мемлекеттік саясаттың рөлі жөнінде пікір алмасты. Бұл шара жастардың денсаулық мәдениетін қалыптастыруға, өз саулығына саналы көзқараспен қарауға және қоғамдық мәселелерді кешенді талдау дағдыларын дамытуға оң ықпалын тигізді.
