
Саясаттану мамандығының студенті IQanat республикалық олимпиадасын ұйымдастыруға қатысты

«Саясаттану» білім беру бағдарламасының үшінші курс студенті Мадина Дисимбекова IQanat республикалық олимпиадасының бірінші кезеңіне волонтер ретінде қатысты. Ол төрт жылдан бері Қазақстанның ауыл мектептерінің оқушылары арасында өткізілетін олимпиаданы ұйымдастыруға көмектесіп келеді. Биыл Мадина Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл және Мағжан Жұмабаев аудандарында олимпиаданы ұйымдастыруға атсалысты. Оның міндеттеріне ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіру, қатысушыларды олимпиада форматымен таныстыру, техникалық көмек көрсету және конкурстық сынақтардың өткізілуін қамтамасыз ету кірді.
Олимпиаданы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен IQanat қоры ұйымдастырады. Жыл сайын оған ауыл мектептерінің сегізінші сыныптарында оқитын 60 мыңға жуық оқушы қатысады. Бастаманың негізгі мақсаты - білім алуға тең мүмкіндіктер жасау, дарынды жастарды қолдау және өңірлердегі оқушылардың зияткерлік әлеуетін дамыту. Жеңімпаздар мен жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылар Бурабайдағы IQanat High School мектебінде оқуын жалғастыру мүмкіндігіне ие болады. Онда Қазақстанның және шетелдің жетекші университеттеріне түсуге бағытталған үш жылдық дайындық бағдарламасы жүзеге асырылады. Жоба түлектері Nazarbayev University, Purdue University, Hong Kong Polytechnic University, University of Chicago және басқа да жоғары оқу орындарына табысты түсіп келеді.
Мадина үшін бұл жобаның маңызы ерекше: 2021 жылы ол IQanat олимпиадасының финалисі атанып, бүгінде Alumni түлектер қауымдастығының мүшесі болып табылады. Мадина Дисимбекованың білім беру бастамасын жүзеге асыруға қатысуы студент жастардың белсенді азаматтық ұстанымының, әлеуметтік жауапкершілігі мен волонтерлік қызметінің үлгісі болып табылады. Оның тәжірибесі білім беру бағдарламаларының түлектері мектеп оқушыларының жаңа буынын дамытуға және олардың сапалы білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге қалай үлес қоса алатынын көрсетеді.
