
Жастар жұмыссыздығы-елдің еңбек әлеуеті мен адами капиталының дамуына ықпалы

Жастар саясаты аясында жастар жұмыссыздығы — еңбек нарығына 15–34 жас аралығындағы азаматтарды жұмыспен қамту, кәсіби бағдарлау және әлеуметтік қолдау бағыттарын қамтитын өзекті мәселе. Қазақстанда жастар санатына жататын азаматтардың жас шегі 35 жасқа дейін белгіленген.
Еліміздегі жастар арасындағы жұмыссыздық – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе 16-34 жас аралығындағы жастардың жұмыссыз жүруі тек экономикалық емес, сонымен қатар әлеуметтік дағдарыстың белгісі секілді. Жастардың жұмыссыз қалу себептері әр түрлі. Тіпті дипломы барларының өзі де еңбек нарығында өз орнын таба алмауы кездеседі. Бірі сұраныссыз мамандық иесі болса, енді бірі тәжірибесінің болмауынан жұмыссыз. Жыл сайын елімізде орта есеппен 300 мыңға жуық жас еңбекке жарамды жасқа жетіп, нарыққа шығады. Өкінішке қарай, жұмыс орындарының саны еңбек күшімен қатар көбейіп жатқан жоқ. Жұмыс орындары құрылмаса, жастардың жұмыссыздық деңгейі арта түседі. Бұл – жастар арасындағы жұмыссыздықтың тереңдей түсуінің басты себебі.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың II тоқсанындағы мәліметіне сүйенсек;
Жастар жұмыссыздығы (II тоқсан, 2026): 2,9%.
Жұмыспен қамтылғандар: 2026 жылдың II тоқсанында 5,3 млн жастың шамамен 3,8 млн-ы жұмыс істеді, ал 1,6 млн адам жұмыс күшіне кірмеді.
Жалпы еңбек нарығы: 2026 жылдың II тоқсанында жұмыспен қамту деңгейі 15 жастан асқан халыққа шаққанда 64,3% болды.
Қазіргі таңда жастардың бір бөлігі қаламаған мамандыққа түсіп, диплом алу үшін оқып жүргенін көреміз. Бірақ бұл диплом – нарықта сұранысқа ие маман болуға кепілдік бермейді. Сондықтан көптеген жас маман алған білімі бойынша жұмысқа орналаса алмай жатады, бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2026 жылғы 26 мамырда өткен Үкімет брифингінде түлектердің шамамен 40 пайызы алған мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін мәлімдеген. Министрдің жұмыспен қамту мақсатында жыл басынан бері жүзден астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Бұл жағдай жоғары білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейтіп, мамандарды даярлау барысында еңбек нарығының нақты қажеттіліктерін ескеру керектігін көрсетеді. Нақты мамандықтары бойынша жұмыс істемейтін жастардың үлесі әлі де белгі
Қазақстандағы жастар жұмыссыздығының себептерін зерттегенде, мәселенің бір ғана жұмыс орнының тапшылығымен шектелмейтінін байқауға болады. Алдымен, білім беру жүйесінде даярланатын мамандар мен еңбек нарығындағы сұраныстың арасында алшақтық көрінеді. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) сарапшысы Гүлназ Қасымованың жариялаған «Жұмыспен қамтудың болашағы: білім беру жүйесінің еңбек нарығына ықпалы» атты талдамалық мақаласында кеңінен тоқталған.
Талдамалық мақаласында автор Қазақстандағы білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы кадрлық теңгерімсіздік пен жастардың мамандық бойынша жұмыс істемеу мәселесі қарастырылған. Автор мектептегі кәсіби бағдарды күшейтуді, цифрлық платформаларды қолдануды және техникалық-кәсіптік білім беру жүйесін нарық сұранысына сай жаңғыртуды ұсынады.
Жалпы қоғамда жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби білімін арттырмайтын жастарды NEET санатына жатқызамыз. Себебі олар тек жұмыссыздар емес, өз жолын таппаған, жүйеден тыс қалған буын болып саналады. Ауыл мен қала жастарының мүмкіндігі екі түрлі. Ауыл жастары интернетке, тілге, сапалы білімге, кәсіби бағдарға қол жеткізе алмай, еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болып қалып жатады.«Ауыл жастарының негізгі мәселесі – тілдік барьер болып келеді. Мысалы, орысша, ағылшынша жетік білмеу олардың ірі компанияларға кіруіне кедергі. Еңбек нарығы жақсы дамыған Алматы, Астана секілді ірі қалаларда жұмыс табу мүмкіндігі жоғары болғанымен, еңбекке орналасу үшін де бәсекелестік өте жоғары.
Тіпті жастар арасындағы еңбек миграциясы да артып келеді, яғни ауылдағы жастар ірі қалаға жұмыс іздеп келеді, қаладағы өмір сүру бағасының жоғарылығы салдарынан көпшілігі бейресми жұмыспен айналысуға мәжбүр болады.
Келесі мәселе жастардың шет елге жұмысқа кетуі. Шел елдің бұл проблеманы шешу тетіктеріне келетін болсақ, мысалы, Германияда жастардың еңбек нарығына ерте бейімделуіне мүмкіндік беретін дуальды білім беру жүйесі кеңінен енгізілген. Бұл жүйе бойынша жастар теориялық біліммен қатар нақты өндірістік тәжірибеден өтеді. Финляндияда Youth Guarantee бағдарламасы жүзеге асырылады, яғни әрбір жас азамат оқуын аяқтағаннан кейін 3-4 айдың ішінде оқу, тәжірибеден өту немесе жұмыс істеу мүмкіндігімен қамтамасыз етіледі. NEET-жастардың үлесін азайтуда бұл тәсіл тиімді болып отыр.
Жалпы жастардың жұмыссыздығы елдің болашағына әсер ететін проблема. Ол білім беру жүйесінен басталып, еңбек нарығының құрылымымен жалғасады. Өз кезегінде бұл мәселе реттелмесе жастар арасындағы жұмыссыздық азаймауы мүмкін.
Осы мәселені шешуде ұсыныстарын айтатын болсақ:
NEET-жастармен жұмысты кешенді жүргізу.
Мамандықты дұрыс таңдауға бейімдеу, нарық сұранысына негіздеу;
Жаңа жұмыс орындарын құру және жастардың жеке кәсіп бастауына қолдау көрсету;
Ауыл жастарының тілдік, цифрлық, кәсіби дайындық деңгейін арттыру;
Джунусова А.С.
