
Профессор Жамбыл Артықбаевтың Қызылжар жеріне іс-cапары









2026 жылдың наурыз айының соңында Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» Мемлекеттік мекемесінің шақыруымен профессор Ж.О. Артықбаев Петропавл қаласына іс сапарға барып келді. Бұл іс сапар «Қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерттеу: рухани мәдениетті өзгерту және қайта құру» ғылыми-зерттеу жұмыстарының аясында ғылыми ынтымақтастықты орнату, Наурыз мейрамын өткізуге қатысты тәжірибе алмасу, ұлттық бірегейлікті қалыптастыру бағытындағы жұмыстармен танысу негізінде жүрді.
Басты іс шара Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінде дөңгелек үстел форматында өтті. Бұл бас қосуға Солтүстік Қазақстан облыстық «Қоғамдық келісім» қызметкерлері, облыстық мәдениет басқармасы, архив, М.Қ. Қозыбаев атындағы университет мамандары, студенттер қатысты.
Профессор Жамбыл Артықбаев бұл кездесуде ҚР қоғамдық даму барысы, этникалық қарым-қатынастар, этносаралық процестердегі ерекшеліктер, тілдік мәселелер туралы баяндама жасады және бұл саладағы мәселелерді шешудің ұтымды жолдарын ұсынды. Ғалым этнография, этнология және әлеуметтік антропология ғылымдарының ортақ негізі және ерекшеліктері туралы жас ғалымдар мен зерттеушілерге қызықты және танымдық деректер берді.
Аталмыш шарадан кейін профессор Ж.О. Артықбаев Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, ол жерде де дәстүрлі мәдениет, рухани құндылықтар туралы әңгіме жалғасты. Профессор музейдің этнографиялық экспозицияларын аралап, дәстүрлі жәдігерліктерге қатысты өзінің пікірлерін және ұсыныстарын білдірді.
Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде орналасқан «Асыл мұра» шығармашылық орталығының жұмыстарымен танысты. Бұл жерге жиналған еңбек ардагерлеріне қазақтың дәстүрлі «Баталасу» институты туралы айтып, осы институтты қоғамда, этнос арасында, әр түрлі іс шараларда кеңінен қолдану туралы ойларымен бөлісті және оны өткізу сценариін ұсынды.
Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында болған кезінде профессор Ж.Артықбаев «Абылай хан резиденциясы», яғни «Абылай хан ордасы» аталатын жергілікті музейде болып, оның экспозицияларымен, музей жұмыстарымен танысты.
«Абылай хан» кітабының авторы ретінде профессор Ж.Артықбаев «Абылай хан резиденциясы» музейінің қызметкерлеріне музей экспозицияларын жақсарту, ғылымиландыру бойынша ұсыныстарын айтып, кеңестерін берді.
Қызылжар жерінде болған тағы бір жақсы танымдық кездесу осы қалада орналасқан «Назарбаев интеллектуалды мектебі» оқушыларымен қолөнер және этнография орталығында болды. Бұл кездесуде профессор Жамбыл Артықбаев осы орталықтың этнографиялық көрмесімен, қолөнер жұмыстарымен танысты.
Солтүстік Қазақстан облысы орталығы Петропавл қаласында болған іс сапар «Қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерттеу: рухани мәдениетті өзгерту және қайта құру» жобасы аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан ғылыми топқа да, жергілікті зиялы қауымға да пайдалы, әсерлі болды.
