
Студенттердің менталды денсаулығы: ХҚФ-да психологиялық қолдау кездесуі өтті







Жастар арасындағы нашақорлық пен суицидтің алдын алу – университет пен Халықаралық қатынастар факультеті басшылығының басты назарында. Осы бағыттағы жұмыстар аясында «Саясаттану» білім беру бағдарламасының В040-3106-24-00 тобының студенттері психолог Айжан Жақыпқызы Баймұхановамен кездесті.
Ашық әрі сенімді атмосферада өткен шара барысында студенттерге арнайы психологиялық тесттер жүргізіліп, жеке психологиялық портреттерін анықтауға көмектесетін материалдармен жұмыс істеді. Топ кураторы, профессор Р.М. Тәштемханова және психолог А.Ж. Баймұханова кездесуді қорытындылай келе, кез келген қиындықтың шешімі бар екенін ескертіп, жастарды қайғылы салдарға әкелуі мүмкін ойланбай жасалатын әрекеттерден сақтандырды.
Студенттерге күйзеліс пен қиындықтар туындаған кезде жақындарынан, сенімді достарынан, сондай-ақ кәсіби психолог пен куратордан көмек сұраудан тартынбауға кеңес берілді. Психологиялық қолдау мен тәуелділіктің зияны туралы тақырыптарды біріктірген бұл кездесу студенттік ортада қауіпсіз әрі салауатты атмосфераны қалыптастыруда маңызды қадам болды.
