
Ғалымның хаты-ұлт қазынасы

Сәуірдің 22-і күні Астана қаласы мемлекеттік архивінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Омарұлы Артықбаевтың жеке қорын қобылдауға арналған іс-шара өтті. Қазақ тарихы мен этнографиясына зор еңбек сіңірген ғалым қазіргі күні «Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Ортағасырлық деректану» ғылыми орталығында қызмет жасайды.
Аталған шараға филология ғылымдарының докторы, профессор Жантас Жақыпов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Тұрсынхан Закенұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ел тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Дүйсен Жахияұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан–Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев, Астана халықаралық университетінің Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы, тарихшы Саят Ыбырай және елорданың студенттері қатысты.
Жамбыл Артықбаев – отандық тарих ғылымындағы, әсіресе этнология, шежіретану және этноәлеуметтік құрылым салаларындағы іргелі зерттеулердің авторы. Оның қаламынан туған 500-ге жуық ғылыми еңбек пен мақалалар қазақ халқының тарихи жадын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты.
Профессор Жамбыл Омарұлы Артықбаевтың жеке қорын қобылдауға арналған іс-шара Ұлттық кітап күніне арналған көрмеде және дөңгелек үстелде жалғасты. Іс-шараға жиналған ғалымдар «Кітап және ұлттық жады» тақырыбында пікір алмасты және қазіргі заманда архив қазынасын байыту және пайдалануға қатысты ой-пікірлерін білдірді.
Шын мәнінде қазақ зиялы қауымы отаршылдық кезең ауыртпашылығынан, қуғын-сүргіннен ауыр шығындармен өтіп, қаншама жылдардан соң, бүгін ғана өзінің ұлттық архивімен бірге жұмыс істеуге, оған өз қолындағы баға жетпес құнды дүниелерді тапсыру бақытына ие болып отыр.
Осы маңызды іс-шараны ұйымдастырған, ғалымдардың қағаз-кітабына, өзге де мұрасына ие болып отырған Астана қаласы мемлекеттің архивіне, оның басшысы Жанкелді Біржанұлына үлкен ризашылықпен рахмет айтамыз.
