
ЕҰУ-дың болашақ саясаттанушыларының триумфы: Қарағандыдағы Республикалық олимпиададағы жеңіс



2026 жылдың 25-26 сәуірінде академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде «Саясаттану» білім беру бағдарламасының студенттері арасында XVIII Республикалық пәндік олимпиаданың ІІ кезеңі өтті. Бұл шара студенттердің оқу-танымдық және ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыруға, сондай-ақ дарынды жастарды қолдауға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің намысын 6В03106 – «Саясаттану» мамандығының 1 және 2 курс студенттерінен құралған команда абыроймен қорғап шықты. Команда құрамында Мұқатай Мейірлан Жеңісұлы, Мейірқұл Аяжан Даниярқызы, Ілес Балауса Ғалымжанқызы, Жетпісбаев Саттар, Атақұл Ерасыл және Болат Нұрмухаммед өнер көрсетті.
Олимпиада бағдарламасы терең теориялық білімді ғана емес, шығармашылық көзқарасты да талап ететін бірнеше қарқынды кезеңнен тұрды. Қатысушылар команданың «визиттік карточкасын» таныстыру, «Саясаттанушы және қазіргі қоғам» тақырыбындағы бейнероликтер байқауы, брейн-ринг форматындағы білгірлер сайысы және шешендік өнер байқауы бойынша бақ сынасты.
Тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша ЕҰУ студенттері жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, 2 және 3 жүлделі орындарды иеленді. Жеңімпаздар 2 және 3 дәрежелі дипломдармен, сертификаттармен және кубокпен марапатталды. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз, тек қана алға!
