
Халықаралық ынтымақтастық
Халықаралық ынтымақтастық (ҚХА)
Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында магистранттар мен докторанттардың шетелдік жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтуін және академиялық ұтқырлық аясында білімін жетілдіруін қарастырады. Атап айтқанда:
– Баку мемлекеттік университеті (Баку, Әзербайжан);
– Санкт-Петербург политехникалық университетінің Гуманитарлық институты жанындағы Халықаралық қатынастар жоғары мектебі (Санкт-Петербург, РФ);
– Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің Еуразиялық зерттеулер институты (Мәскеу, РФ);
– М. Танка атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті (Минск, Беларусь).
«ҚХА академиясы» әлеуметтік-гуманитарлық модульдік жобасын табысты жүзеге асыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының тәжірибесінде өткізілген «Этносаралық саладағы келіссөз жүргізудің заманауи технологиялары: тәжірибеде қолдану әлеуеті» атты бірінші халықаралық жазғы мектептің тәжірибесі пайдаланылды. Аталған жазғы мектеп 2024 жылғы 2–8 маусым аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми-білім беру платформасында офлайн форматта ұйымдастырылды.
«Бірінші халықаралық жазғы мектеп» барысында алынған ғылыми-қолданбалы дағдылар, сондай-ақ келіссөз жүргізуді ұйымдастыру, медиация мен делдалдықтың рөлі жөніндегі кәсіби құзыреттер өңірлерде осындай бағдарламаларды жүзеге асыра алатын менторлар мен сарапшыларды даярлауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар келіссөз жүргізу үдерісін ұйымдастыру мәселелері университеттердің білім беру жобаларына (магистратура және докторантура бағдарламалары) енгізілді.
Бағдарлама аясында Қазақстанның 11 өңірінен келген 40 қатысушы 72 академиялық сағат көлеміндегі оқу курсынан өтіп, белгіленген үлгідегі сертификаттарға ие болды. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, «Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының «Шаңырақ» қауымдастығы» РҚБ, ҚХА Медиация кеңесі және «Содействие и право» РҚБ арасындағы алғашқы бірлескен тәжірибе «ҚХА академиясы» жобасына қоғамдық және талдамалық құрылымдарды тең ұйымдастырушы ретінде тартудың бастапқы кезеңі болды.
ҚХА кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы жүргізетін магистратураның «Этносаясаттану» және докторантураның «Этносаясаттағы дипломатия және менеджмент» білім беру бағдарламаларының барлық пәндері білім алушылардың кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға, ғылыми талдау дағдыларын дамытуға және оларды тәжірибеде іске асыруға бағытталған.
ҚХА кафедрасының Халықаралық қатынастар факультетінде ұйымдастырылатын отандық және шетелдік сарапшылардың қонақ дәрістері білім алмасу мен тәжірибе бөлісудің бірегей алаңдарын қалыптастырып, этносаралық қатынастар саласын одан әрі зерттеуге ғылыми әлеуетті нығайтады.
Ғылыми-сараптамалық іс-шаралар
2024 жылдың қыркүйегінен бастап есептік кезеңнің соңына дейін ҚХА кафедрасы білім алушылардың сараптамалық-талдамалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған бірқатар ғылыми-сараптамалық іс-шаралар ұйымдастырды:
– Кшиштиан Пачуцкийдің қонақ дәрісі (2024 ж. қыркүйек)
«Польша мен Қазақстан жаһандық және өңірлік сын-қатерлер жағдайында» тақырыбында;
– Ғылыми дипломатия және этнорелигиоздық үрдістер мәселелеріне арналған дөңгелек үстел (2024 ж. қазан). Іс-шараға Грузия стратегиялық және халықаралық зерттеулер қорының президенті, ғылым докторы Екатерине Метревели, Тбилиси мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, ғылым докторы Торнике Турманидзе, Грузин-американ университетінің сарапшысы Мамука Комахия қатысты;
– Санкт-Петербург политехникалық университетінің Гуманитарлық институты жанындағы Халықаралық қатынастар жоғары мектебінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Н. Погодиннің қонақ дәрісі (2024 ж. қазан). Дәріс барысында «Этносаясаттану» БББ 2-курс магистранттарының шетелдік зерттеу тағылымдамасының қорытындылары талқыланды;
– Франциядағы Шуазёль институтының президенті Паскаль Лоро және ҚХА-ның Франциядағы достық елшісі Малгожата Туармен кездесу-дәріс (2024 ж. қазан);
– Сорбонна университетінің профессоры Катрин Пужольмен (Франция, Париж) сараптамалық кездесу (2024 ж. қараша). Бұл кездесу халықаралық ғылыми қауымдастықтың Қазақстандағы қазіргі қоғамдық-саяси үдерістерге көзқарасын айқындауға мүмкіндік берді;
– Назарбаев Университетінің Мемлекеттік саясат жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, PhD Азиз Бурхановтың ұлттық бірегейлікті қалыптастыру және нығайту мәселелеріне арналған қонақ дәрісі (2024 ж. желтоқсан).
Халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық
Қауымдастық қызметінің негізгі бағыттарының бірі – халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық. Бұл бағытта София университеті (Болгария), Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті (Мәскеу, РФ), Стамбул университеті (Түркия), Н.Г. Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университеті (РФ), Орталық Азия халықаралық институты (Ташкент), Сібір мемлекеттік қызмет және басқару институты (Новосибирск, РФ), Астрахань мемлекеттік университеті (РФ) сияқты шетелдік жетекші ғылыми орталықтармен белсенді ынтымақтастық жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар Тарас Шевченко және Иван Франко атындағы Украина ұлттық университеттерімен кең гуманитарлық байланыстар орнатылған. Есептік кезеңде ҚХА кафедралары қауымдастығы бірқатар халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен форумдарға қатысты.
Қауымдастық мүшелерінің ғылыми баяндамалары мен презентациялық сөздері ҚХА кафедраларының қызметіне, олардың институционалдық дамуына және халықаралық ынтымақтастықтың нығаюына қызығушылық тудырды.
Мәселен, Ресей халықтары Ассамблеясы мен Еуразия халықтары Ассамблеясының шақыруымен қазақстандық делегация 2021 жылғы 28–29 қыркүйекте өткен «Еуразиялық достық көпірлері» атты Достық үйлерінің халықаралық форумына қатысып, Ресей Федерациясы Қоғамдық палатасында өткен пленарлық отырыста ҚХА кафедралары қауымдастығының қызметі туралы баяндама ұсынылды.
Ынтымақтастықты дамыту перспективалары
ҚХА кафедралары қауымдастығы мен Ресей Федерациясының ғылыми, білім беру және қоғамдық ұйымдары арасындағы, оның ішінде шекаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстар түсті. Олардың қатарында:
– «Орынбор – Еуразия жүрегі» форумы;
– «Еуразия-Поволжье» ақпараттық-талдамалық орталығы;
– «Каспий-Еуразия» халықаралық сараптамалық алаңы;
– «Сібір-Еуразия» сарапшылар клубы және басқа жобалар бар.
Бұл бастамаларда қазақстандық жоғары оқу орындарының студент жастары маңызды рөл атқарады.
ҚХА кафедрасы шетелдік серіктес университеттермен, этномәдени бірлестіктермен және ғылыми орталықтармен өзара байланыс алаңы ретінде қызмет етеді. Магистранттардың шетелдік ғылыми тағылымдамасы аясында Әзербайжан және Ресей университеттерімен ғылыми байланыстар орнатылып, болашақ этносаясаттанушылардың кәсіби білімін толықтыруға мүмкіндік берді.
Осындай ғылыми ынтымақтастық нәтижесінде ресейлік ғалымдармен бірлесіп «Еуразиядағы геосаяси және этносаяси үдерістер: теориясы мен практикасы» атты оқу құралы жарық көріп, ол қазіргі таңда білім беру үдерісіне енгізілуде.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «DIGITAL SOCIAL RESEARCH» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.
Жалпы алғанда, университетте Қытай, Ресей, Беларусь, Брюссель, Түркия, Пәкістан, Өзбекстан және басқа елдердің қатысуымен 12 шетелдік ғылыми-білім беру орталығы табысты жұмыс істеуде. Бұл орталықтар шеңберіндегі өзара әрекеттестік халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және толерантты академиялық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.


