
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультеті Түркітану кафедрасы университет ректорының 2010 жылғы 25 тамыздағы №924 бұйрығы негізінде құрылды.
Кадрлық әлеует. Түркітану кафедрасы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, әдебиеттанушы, Төтенше және Өкілетті елші, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің жетекшілігімен білім беру, ғылым, қоғамдық-әлеуметтік қызметті жүзеге асырады.
Түркітану кафедрасы білім сапасын қамтамасыз ету үшін сапалы кадрлық әлеуетке ие. Қазіргі уақытта кафедра штаты 15 адамнан құралған, оның ішінде 6 профессор (ф.ғ.д. М. Жолдасбеков, ф.ғ.д. Н.Г. Шаймердинова, ф.ғ.д. Ш. Ыбыраев, ф.ғ.д. А.Каиржанов, ф.ғ.д. М. Ескеева, ф.ғ.д. А. Шәріп), 3 ғылым кандидаты (Ү.Мұсабекова, А.Жалмырза, Г.Бегимова), 6 PhD докторы (М.Қосыбев, Т.Молдабай, Г.Жиембаева, Ж.Сайын, А.Шалдарбекова, С.Төребекова) қызмет етеді. Бүгінде кафедраның ғылыми әлеуеті 100 %-ды құрайды. Түркітану кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы жыл сайын кафедраның, факультеттің және университеттің ғылыми және әдістемелік семинарларында, сондай-ақ ғылыми форумдарда қайта дайындықтан, таяу және алыс шетелдерде тағылымдамалардан өтеді. Түркітану кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы бірнеше рет мемлекеттік деңгейдегі марапаттармен және ерекшелік белгілермен атап өтілген, олардың қатарында ведомстволық және үкіметтік марапаттар бар. 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту аясында Мырзатай Жолдасбеков Мемлекеттік сыйлық лауреаты атанды.
Білім беру қызметі. Түркітану кафедрасы – түркітанушы мамандарды үш деңгейлі жүйе негізінде – бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша мақсатты түрде дайындық жүргізетін Қазақстан Республикасындағы, сондай-ақ түркі әлемі кеңістігіндегі санаулы кафедралардың бірі. Кафедраның білім беру және ғылыми қызметі білім алушыларға түркі халықтарының тарихы мен археологиясы, этнографиясы мен өнері, менталдылығы мен менталитетін танытуға; олардың тілі мен әдебиетін, жазба ескерткіштерін білуге; мәтінді филологиялық, тарихи-мәдени сараптау дағдысын меңгеруге және оларды іс жүзіндегі өмірлік қызметте пайдалануға бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда, білім алушылардың білім қызметі төрт білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады, оның екі білім беру бағдарламасы бакалавриат бойынша: 6В02212 – Түркітану, 6B02312 – Шетел филологиясы: түрік тілі; магистратура бойынша 7М02212 – Түркітану және докторантура бойынша 8D02212 – Түркітану білім беру бағдарламалары. Бұған қоса, білім беру бағдарламалары студентке бағдарланған сипатқа ие, өйткені білім алушы элективті курстардың модулін дербес таңдайды, бағдарламаларды әзірлеуге белсенді түрде қатысады және ғылыми тағылымдама өтетін орынды да өзі таңдап алады.
Пандемия жағдайында Түркітану кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы университеттің профессор-оқытушылар құрамымен бірдей білім берудің қашықтан оқыту технологиясына бейімделе алды, білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда оқыту сапасының төмендеп кетуіне жол бермеу үшін интернет ресурстарды, онлайн-презентацияларды, видео дәрістерді белсенді пайдалана отырып, қашықтан оқыту технологиясын игерді.
Сонымен қатар Түркітану кафедрасының білім беру бағдарламалары Түркі халықаралық академиясы, ҚР Ұлттық музейі, Қазақстан халықтары Ассамблеясы, Юнус Емре атындағы түрік мәдени орталығы, түрік бизнес құрылымдары («SHA» аударма орталығы және басқалары) сынды жұмыс берушілерге бағдарланған. Олармен келісімшарттар жасалған және бұл ұйымдар білім беру бағдарламаларын әзірлеуде белсенді қатысып отырады.
Жас мамандарды, түркітанушыларды толыққанды даярлау үшін Түркітану кафедрасында Түркітану мамандығы бойынша Диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Онда PhD докторантураның барлық түлегі өз диссертацияларын сәтті қорғап шықты (М.Қосыбаев, Н.Бөгенбаев, Л.Наханова, А.Купаева, Т.Молдабай, Б.Ескельдиева, Г.Жиембаева, Ж.Сайын, С.Төребекова, Н.Балабекова, А.Кусаинова, Ж.Айдарбекова, Б.Жиембай, Р.Алимбеков, П.Усипбаева, Ж.Алашбаева), ал Түркітану кафедрасының алғашқы түлектерінің бірі PhD, доцент М.М. Қосыбаев қазіргі таңда Халықаралық қатынастар факультетінің деканы қызметін атқаруда.
Ғылыми қызмет. Кафедрада М.Жолдасбековтің «Дала өркениеті» атты ғылыми мектебі жұмыс істейді. Осы мектеп аясында «Интерактивті түркітану» контексінде Scopus және Web of Scienсe базаларында, рейтингтік индекстелген журналдарда ғылыми мақалалар, ондаған монография, кітаптар жарияланды. 2019 жылдан бері Түркітану кафедрасының базасында халықаралық индекстелген журналдарға бағдарланған, Қазақстан Республиксындағы гуманитарлық ғылым бойынша жалғыз «Turkic Studies Journal» жарық көреді. Басылымның бас редакторы – тарих ғылымдарының докторы, профессор ҚР ҰҒА академигі Ерлан Бәтташұлы Сыдықов. Журнал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде, Париждегі халықаралық сериялық басылымдар орталығында https://www.issn.org/ru/le-centre-et-le-reseau/notre-mission/presentation-du-centre тіркелген, DOI индексі, сайты, электронды поштасы бар. Журнал нөмірлерінің таныстырылымы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да, халықаралық ғылыми кеңістікте және БАҚ-та жүзеге асырылып, Scopus және Web of Science базасындағы журналдарға кіру үшін қажетті мақаладан дәйексөз келтіру индексі және өзге де маңызды көрсеткіштері артып келеді.
Сонымен қатар соңғы он жылдың ішінде кафедрада Батыс түрк қағанаты (М. Жолдасбеков), Түркі жазба ескерткіштерін зерттеу (оның ішінде армян-қыпшақ ескерткіштері), Түркі халықтарының рухани мәдениетін, тілі мен әдебиетін зерделеу (Ш. Ыбыраев, Н. Шаймердинова, А. Шәріп, М. Ескеева) бойынша гранттық іргелі зерттеулердің 10 жобасы әзірленді. 2013-2017 жылдар аралығында Түркітану кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы Берлин еркін университетімен бірлесіп, Volksvagen корпорациясы қаржыландыратын «Посткеңестік Қазақстандағы түркі тілдері мен мәдениетінің өзара әрекеттесуі» халықаралық жобасын (қазақстандық тараптан жобаның тең жетекшілері – ф.ғ.д, профессор Н.Г.Шаймердинова, ф.ғ.д., профессор С.Ж.Тәжібаева) әзірледі. Кафедраның ғылыми жобаларын әзірлеуге студенттер, магистранттар, PhD докторанттар да белсенді түрде жұмылдырылады.
Халықаралық байланыс және ынтымақтастық. Сегед университеті (Венгрия); Гете атындағы Франкфурт университеті, Берлин еркін униерситеті (Германия); Эгей университеті, Гази университеті, Ыстамбұл университеті (Түркия); Ереван мемлекеттік университеті (Армения); Манас атындағы Қырғыз университеті (Қырғызстан); Әзербайжан мемлекеттік педагогикалық университеті (Әзербайжан); Индиана университеті (АҚШ), РХДУ, РҒА Шығыстану институты және РҒА Тіл білімі институты (Ресей, Мәскеу); Казань федералды университеті (Татарстан), Тарих, тіл және әдебиет институты (Хакасия, Абакан) сынды таяу және алыс шетелдің жоғары оқу орындарымен, Түркітану кафедраларымен, орталықтармен, «Орал-Алтай қоғамы», «Тұрақты Алтайтану конференциясы» (ПИАК), «ТИКА», Нұр-Сұлтан қаласындағы түрік мәдени орталығы сынды түркітану ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту кафедра қызметінің маңызды бөлігі саналады.
Түркітану кафедрасы жұмыс істеген жылдардың ішінде ондаған студент, магистрант, докторант аталмыш университеттер мен институттарда академиялық ұтқырлық, ғылыми тағылымдама бағдарламалары негізінде білім алса, ал кафедраның ПОҚ-ы дәрістер оқу, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту, ғылыми форумдарға қатысу аясында барды. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық докторанттардың диссертациялық зерттеулеріне шетелдік түркітанушы ғалымдардың тең жетекшілігімен; кафедраның ғылыми жобаларына, «Turkic Studies Journal» редакциялық алқасына, халықаралық білім беру кеңістігінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен кафедраның имиджін арттыратын рейтингтеріне қатысуымен жүзеге асырылады. Бұған қоса, шетелдік ғалымдар кафедраның Диссертациялық кеңес мүшесі саналады, Түркітану кафедрасының профессор-оқытушылар құрамымен бірлескен ғылыми жарияланымдары бар.
